Жамбыл ХҚКО-ларында ишаратпен сөйлесе бастады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Халыққа қызмет көрсету орталығы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жағдай жасауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Данияр Медетбеков хабарлағандай, департамент бөлімшелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған.
«Ол үшін барлық бөлімшелерде пандустар, маманды шақыру түймелері орнатылған, аталмыш тұлғаларды кезексіз қабылдауға арналған жеке терезелер де бар. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында департамент, «Асар» Жамбыл облыстық мүгедектермен жұмыс жасайтын ұйымдардың одағы», сондай-ақ әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасымен үшжақты меморандум жасалды», - деп түсіндірді ол.
Ендігіде, 1 414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар (1 және 2-топтағы мүгедектер) мемлекеттік қызметті департамент маманын үйіне шақыру арқылы ала алады.
«2016 жылы мамандар 1 327 үйге барып, 2 585 қызмет көрсетті, деп атап өтті Д. Медетбеков. - Сонымен қатар департаменттің 42-і маманы ишарат тілін үйреніп, сертификат алды. Биылғы жылы қосымша 6 маманды оқыту жоспарда бар».