Жамбыл облыстық қаржы полициясы департаменті «Иван құрылыс» ЖШС басшысына қатысты қылмыстық іс қозғады

АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық қаржы полициясы департаменті «Иван құрылыс» ЖШС басшысына қатысты қылмыстық іс қозғады,

Жамбыл облыстық қаржы полициясы департаменті «Иван құрылыс» ЖШС басшысына қатысты қылмыстық іс қозғады

деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

2010 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімдігігінің білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімі Бірлік ауылындағы «Ақбөпе» балабақшасы мемлекеттік комуналдық қазынашылық кәсіпорнына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттен қаражат бөліп, осы жұмыстарды атқаруды мемлекеттік сатып алу конкурсының женімпазы болып танылған «Иван құрылыс» ЖШС-не жүктеген.

Осыған орай, «Ақбөпе» балабақшасының директоры мен «Иван құрылыс» ЖШС директоры арасында мекеме ғимаратына 8 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалынып, жөндеу жұмыстарын 2010 жылғы қыркүйекке дейін сметалық құжаттарға сай сапалы жүргізіп шығуға міндеттелген.

Алайда, қарсы тексеру жүргізу кезінде «Иван құрылыс» ЖШС директоры мемлекет қаражатын алаяқтық жолмен ұрлау мақсатында сметалық құжаттарда қаралған жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындамағандығы анықталды. Ол 2010 жылғы шілдеде атқарылған жұмыстар туралы актілерге және анықтамаларға мемлекет қаржысын ұрлау мақсатында, атқарылмаған жұмыстарды қоса жазып, иемденіп алған.

Сот сараптама қортындысына сәйкес, «Ақбөпе» балабақшасына жасалынған күрделі жөндеу жұмыстары 2010 жылдың шілде-тамыз айларындағы атқарылған жұмыстар туралы актілерге сай болмай шығып, атқарылмаған жұмыстардың құны 1 млн. теңгені құраған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс айыптау қортындысымен аудан прокуратурасына жолданды.