Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің үш қызметкері жемқорлыққа барды деп айыпталып отыр

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің үш маманын пара алғаны үшін ұстады.

Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің үш қызметкері жемқорлыққа барды деп айыпталып отыр

Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі департаментінің баспасөз қызметінен мәлімдеді.

Департаментке келген Т. деген азамат мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері оның кәсіпкерлік ісін тарату үшн 55 мың теңге сұрағанын айтқан.

Сол күні медициналық орталықтың маңында ақшаның бір бөлігі (30 мың тг) мемкіріс департаментінің М. деген қызметкеріне беріліп, ол сол жерде ұсталған. Салық инспекторы бұл қаражат өзге маманға тиесілі екенін айтқан.

Тергеу шараларын жүргізу барысында қаладағы дәмханалардың бірінде 55 мың теңгені беріп жатқан кезде мемлекеттік кіріс департаментінің өзге жетекші маманы А. ұсталды.

Тергеу анықтағандай, ЖК-ні тарату ұсталған жетекші маманның өкілеттілігіне кірмеген. Ал алынған қаражаттың 15 мың теңгесі мемлекеттік кіріс басқармасының жетекші маманы Д.-ға тиесілі екенін айтты. Ол А. маманнан параны алып жатқан кезінде мемлекеттік кіріс басқармасының мекемесінде ұсталды.

Инспекторлар тегін көрсетілетін қызмет үшін пара сұраған.

Қазіргі уақытта соталды тергеу жұмыстары жүріп жатыр.