Жамбыл облысы қант қызылшасын өсіруді еселей түсуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Жамбыл облысында 9 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірде егістік алқаптарын әртараптандыруға бағытталған үлкен жұмыстар жүргізілу үстінде. Оның ішінде қант қызылшасына да айрықша назар аударып отырмыз. Мәселен, өткен жылы қант қызылшасы 5,6 алқапқа егілсе, биыл оның көлемі 9 мың гектарды құрап отыр», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы 2 жылдың ішінде өнім көлемін арттыру үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ағымдағы жылы қант зауыттарына 155 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарда бар.
Сонымен қатар ол облыста 2015 жылы алғаш рет отырғызылған үдемелі алма бақтардың аумағы өткен жылы 112 гектарға ұлғайып, 235 гектарға жетсе, биылғы жылы қосымша 90 гектарға алма бағы отырғызылып, жалпы көлемі 325 гектарды құрағандығын айтты.
«2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында үдемелі алма бақтарының аумағын 1600 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Нұржігітов.
Басқарма басшысының айтуынша, Жамбыл облысында суды үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы су үнемдеу технологиясы 11 973 гектарға енгізілсе, ағымдағы жылы оның көлемі 15 015 гектарға жеткізілді.