Жамбыл облысы:көлік жүргізу құқынан айырылғандар мас күйінде қайта рулге отырған
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жол-көлік оқиғасының санын азайту, сондай-ақ Жамбыл облысының аумағында жол қозғалысы ереже бұзушылықтарын алдын алу мақсатында мереке-демалыс күндері ішімдік ішкен жүргізушілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аймақтағы полиция департаментінің мәліметінше, бекітілген жол учаскелерін патрульдеу кезінде мас күйінде көлік жүргізген 6 жүргізуші анықталған. Мұның 2-еуі мас күйінде көлікке қайта отырған.
«24 қазанда сағат 12:00 шамасында Қаратау қаласындағы шағын ауданда патрульдік полиция 36 жастағы жергілікті тұрғынның «Тойота-Камри 25» автомашинасын тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында жүргізушінің ішімдік ішкені анықталды. Ер адамның мас күйінде көлік жүргізгенін медициналық тексеру де көрсетті. Тексеру кезінде жүргізушінің 2021 жылдың желтоқсанында сот шешімімен көлік құралын жүргізу құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды», - деп жазды ведомстводан.
Осыған ұқсас қылмыс 25 қазанда Жуалы ауданында да тіркелді. «Мерседес» көлігінің 39 жастағы жүргізушісі медициналық қорытындыға сәйкес жеңіл мас күйінде көлік жүргізген.
Аталған деректер бойынша полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 346-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Автокөліктер айып тұрағына қойылды.
Бұл қылмысты жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға, ішімдік ішіп көлік жүргізбеуге, жылдамдықты асырмауға және қарсы жолаққа шықпауға шақырады.