13:25, 12 Наурыз 2020 | GMT +5
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының бұрынғы әкіміне сот үкімі шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жемқорлыққа қатысты қылмысы үшін сотты болған Т. Рысқұлов ауданының бұрынғы әкімі А. С. Қырықбаевқа 6 млн теңге айыппұл салынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қырықбаев өзінің өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылып отыр. Анықталғанындай, ведомствоға қарасты ұйымдардың егін егу мен оруға арналған техникасын қар шығаруға пайдаланған. Сонымен қатар «Меркі жолдары» ЖШС директоры арқылы үшінші адамға 2 млн теңге беру жөнінде тапсырма берген», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Осы жылдың 4 наурызында Тараз қаласының №2 сотының үкімімен Қырықбаевқа 2 500 АЕК (6 312 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сотталған әкім өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.