Жамбыл облысы үш жылда 100 пайыз ауыз сумен қамтылады

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы үш жылда 100 пайыз ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметіне қарағанда, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өткен жылы 49 нысанның құрылысына 19,8 миллиард теңге бөлінген.

Оның 13-інің құрылысы былтыр аяқталып, 22,6 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып, көрсеткіш 92 пайызды құрады.

«Облыста сапалы ауыз сумен қамтылған тұрғындар саны қалаларда 425,3 мың адам, бұл 92,3 пайызды құрайды. Тараз қаласында 345,8 мың тұрғын, яғни, 94 пайыз ауыз сумен қамтылған. Ал Қаратау мен Жаңатас қалалары 100 пайыз сапалы ауыз су тұтынады. Шу қаласына келер болсақ, ондағы 25,4 мың адам немесе тұрғындардың 67 пайызына ауыз су құбыры тартылған.

Ауылдық елді мекендердегі ауыз сумен қамту жайына тоқталсақ, сапалы ауыз сумен қамтылған халық саны – 635 мың адам, бұл ауыл халқының 92 пайызын құрайды. Аудандар бойынша жеке-жеке тоқталар болсақ, Байзақ ауданында – 92, Жамбылда – 82,8, Жуалыда – 88,8, Қордайда – 92,3, Меркіде – 96,2, Мойынқұмда – 90,2, Т.Рысқұловта – 95,5, Сарысуда – 97,2, Таласта – 91,5 және Шу ауданында – 92,8 пайызды құрап отыр.

Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 36 өтпелі және 7 жаңа, барлығы 43 сумен жабдықтау нысанының құрылысына 11 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде 36 жобаның барлығын жыл соңына аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткішін қалаларда 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр», – дейді басқарма басшысының орынбасары Ермек Карентаев.

Ал, биыл Байзақ ауданында – Аққия, Сарыбарақ, Ботамойнақ, Қусақ, Жеңіс, Жібек жолы, Төрегелді, Тегістік-2, Ақтөбе, Жамбыл ауданының Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер елді мекендері, Жуалы ауданында – Бәйтерек, Кәріқорған, Тасбастау, Қордай ауданында – Қарасу, Қайнар, Меркі ауданында – Қайындысай, Құмарық, Мойынқұм ауданы бойынша Ақсүйек, Көкжелек, Сарысу ауданының Үшбас, Шағалалы ауылдары және Шу ауданында Көкқайнар, Еңбекші, барлығы 25 елді мекенге ауыз су құбыры тартылады.

Қазіргі уақытта облыстағы қалаларды орталықтандырылған ауыз сумен қамтуды 2022 жылы – 92,4 пайызға, 2023 жылы – 97,5, 2024 жылы – 98,8, ал 2025 жылы – 100 пайызға жеткізу көзделген. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендер 2022 жылы – 94,6 пайыз, 2023 жылы – 96,5, 2024 жылы – 98,3, 2025 жылы 100 пайыз қамтылады.

Бұған дейін Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылады деп хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар