Жамбыл облысына 544 патрульдік полиция қызметкері жетіспейді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысына 544 патрульдік полиция қызметкері қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы сегізінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті екінші сессиясында мәлім болды.
Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, облыс халқы санының өсуіне байланысты бүгінде жергілікті ішкі істер органына қосымша 154 учаскелік полиция инспекторы мен 288 көмекші қажет. Өңірде патрульдік полиция қызметкерлерінің саны да жетіспейді. Тиімді жұмыс істеу үшін қосымша 544 патрульдік полиция қызметкері қажет.
«Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуы жайына қысқаша тоқталсақ, өңірдегі учаскелік полиция пункттерінің 163-і жылумен қамтамасыз етілген. Ал, 18-інде жылыту жүйесі мүлдем қарастырылмаған.
Жалпы, облыстық полиция департаментінде учаскелік полиция инспекторларының штаттық саны 439, олардың көмекшілері 85. Тұрғылықты мекенжайлары болмауына байланысты бүгінде 39 учаскелік инспектордың өз аумағында тұруына мүмкіншілігі болмай отыр, – деді Құрмет Мәжікенов.
Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітов биыл өткен жылға қарағанда бұл салаға 5 миллиард теңгеден астам қаржы артығымен бөлінгенін айтты. Оның ішінде құқық қорғау қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға көтеру, оларды автокөліктермен, тиісті керек-жарақтармен, арнайы киімдермен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылған.
«Бұл салаға алда тағы да қосымша қаражат бөлуді ойластырып жатырмыз. Ал штатты көбейту мәселесіне келсек, егер Ішкі істер министрлігі арнайы қаулы шығарып жатса, біз қажетті қаражатты бөлуге дайынбыз», - деді облыс басшысы.
Бұған дейін біз Таразда екі баланы құтқарған полиция инспекторы марапатталды деп жазған болатынбыз.