Жамбыл облысынан Астанаға 200 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіледі
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық шаруалардың өнімі тиелген автокеруен елордаға екі күндік жәрмеңкеге жол тартты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбылдық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жәрмеңкесі 2017 жылдың 22-23 сәуір күндері Астананың «Алатау» спорт кешені аумағында өтеді. Онда жалпы құны 156 млн теңгені құрайтын 201 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылады. Астаналықтар жәрмеңкеде ет және сүт, жеміс пен көкөніс, шұжық, ұн, балық өнімдерін, жармалар мен өсімдік майларын сатып ала алады.
Атап айтқанда, жамбылдықтар 15 тонна жылқы еті, 7 тонна тауық еті, 11 тонна шұжық өнімдері, 21,2 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 5 тонна қарақұмық, 5 тонна күріш, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 6 тонна макарон өнімдері, 5,5 тонна өсімдік майы, 5 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 7 тонна балық, 2,5 тонна бал, 2 тонна кептірілген жеміс және 103,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін әкеле жатыр. Жәрмеңкеде ұсынылатын тауар бағалары нарық бағасынан 8-20% төмен болады.
Сондай-ақ, бұл күндері Жамбыл облысы филармониясының өнерпаздары астаналықтарға концерттік бағдарламаларын ұсынады.
Астана мен Алматы қалаларында жамбылдық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналды, деп атап өтті Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.