Жамбыл облысында 2,7 мың үй жарықсыз отыр

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат- Жамбыл облысының Шу ауданында 2799 үй бірнеше күннен бері жарықсыз отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1-4 сәуір аралығында ауа райы күрт өзгеріп, желдің жылдамдығы 16-25 м/с жету салдарынан Шу ауданында бірқатар нысанға зақым келіп, электр қуаты сөніп қалды.

Дегенмен, аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталықтан су, газ, жылу беру тоқтатылған жоқ.

Қазіргі уақытта Қонаев ауылында - 100 абонент, Белбасарда - 52, Бірлікте - 353, Дулатта - 400, Алғада - 40, Балуан Шолақта - 354, Төлеби ауылында 1500 абонент электр энергиясынан ажыратылған.

Жалпы, жел салдарынан 22 электр бағанасы құлап, оның 21-і қайта қалпына келтірілді.

Электр жүйелерін қалпына келтіру бойынша 16 бригада жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ дауылды желден 7 мектеп, бірнеше мейрамхана мен дүкеннің ғимараттарына зақым келді.

Ауданда арнайы жұмысшы тобы құрылып, келтірілген шығындар есептеліп жатыр.

Еске салайық, Жамбыл облысының Қордай ауданында құйынды желге байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын.

«31 наурыз күні кешке қарай жел басталып, бүгінге дейін қатты соғып жатыр. Күнде кешке 10-ға дейін жел болады. Ауа-райы болжамына сай, желдің жылдамдығы секундына 27-28 метр. Кейбір кезде бұл тіпті 30-дан асып жатыр. 3 мектептің, 1 балабақшаның шатыры ұшып кетті. Біршама өрт те шығып жатыр. Жел Совхоз және Атар аумағында болып жатыр. Колхоз елді мекенінің аумағында жел жоқ. Газ құбырлары мен жарық трансформаторлары құлап жатыр», - деп түсіндірді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.

Соңғы жаңалықтар