Жамбыл облысында 2 мыңнан астам адам қашықтан жұмысқа көшкен
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысында 2 062 жұмыскер ақысыз еңбек демалысына жіберілсе, 2 119 азамат қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Коронавирус пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, Тараз қаласы мен Жамбыл облысында халықтың қауіпсіздігін және індеттің таралмауын қамтамасыз ету мақсатында карантиндік режим енгізілгені белгілі. Бұл орайда, аймақ әкімінің қаулысымен жедел штаб құрылып, оның жұмысын ұйымдастыру мақсатында әр бағыт бойынша 7 жедел топ жасақталған болатын. Осы жедел топтардың бірі – «Әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастары» тобының мүшесі, өңірдегі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев төтенше жағдай кезіндегі еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау шаралары туралы айтып берді.
«Жедел топ мүшелері төтенше жағдай кезінде жұмыс берушілермен қабылданып жатқан және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша тиісті жұмыстарды атқарып, талдау жасады. Мәселен, Жамбыл өңірінде соңғы ахуалға орай 2 062 жұмыскер ақысыз еңбек демалысына жіберілді. Демек, олардың міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңге алуына мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ 1 413 жұмыскер ақылы еңбек демалысына босатылса, 2 119 азамат қашықтан жұмыс істеу режиміне өтті. Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес, олардың еңбекақысы толық көлемде сақталатын болады», - деді Қайрат Досаев.
Ол облыстағы 370 қызметкердің толық емес жұмыс режиміне көшкенін де айтып, Еңбек кодексінің 70-бабына сай, олар жұмыс атқарған уақытына қарай еңбекақы алатындығын мәлімдеді. 418 жұмыскер бос отырып қалу ықтималдылығына байланысты демалысқа жіберілген. Оларға Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес жалақыларының ең төменгі мөлшерінен кем емес көлемде төлем жүргізілмек.