Жамбыл облысында 234 мектеп дәстүрлі форматта оқып жатыр

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында эпидемиологиялық ахуал жақсы шалғайдағы ауылдарда орналасқан 234 мектеп штаттық режимде жұмыс істеуде. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың білім саласының қызметкерлерімен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында 234 мектеп дәстүрлі форматта оқып жатыр

Биыл қашықтан оқыту жағдайында жұмыс істеген мұғалімдер көптеген мәселелерге тап болғаны жасырын емес. Оқушыларға да жаңашылдыққа бейімделуге тура келді.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың білім саласы қызметкерлерімен кездесуінде бұл үдерістің біздің облыста қаншалықты сәтті өткендігі туралы сараланды.

Кездесу М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің технологиялық корпусында өтті. Оған бейнеконференц-байланыс режимінде барлық аудандардағы ауыл мектептерінің мұғалімдері де қатысты.

Облыс әкімі биыл білім саласын дамытуға 185,8 миллиард теңге бөлінгенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға көп екенін баса айтты.

«Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ауқымды қолдаулардың түпкі мақсаты – білім сапасын арттыру. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануымен мұғалімдер жаңа құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді», - деді Бердібек Сапарбаев.

22 білім беру нысанының құрылысына 10 миллиардтан астам теңге қаралды. 43 білім беру нысаны күрделі жөндеуден, 56 нысан ағымдағы жөндеуден өткен.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауладағы дәретхана мәселесі толығымен шешілді. Барлық мектепте бейнебақылау камерасы орнатылған.

Ол мектептердің басым бөлігінде дәстүрлі оқыту форматына көшуге барлық мүмкіндіктер бар деп санайды.

Бірақ артық жұмысты мойнына алғысы келмейтін жауаптылар оған бас ауыртпайды.

«Айталық, 600 оқушыға арналған мектепте 150 бала оқиды. Неліктен дәстүрлі оқытуды ұйымдастырмасқа? Ал директор бұл жұмысқа келгенде селсоқ. Ол балалардың қалай білім алып жатқанына, кейін қандай маман болатынына мән бермейді. Бұл - бір ғана мысал. Балалардың мектепке барып, мұғалімдермен бетпе-бет жүздесіп, қарым-қатынас орнатуы аса маңызды. Әсіресе, бұл түлектерге қатысты», - деді облыс әкімі.

Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова эпидемиологиялық ахуал жақсы шалғайдағы ауылдарда орналасқан 234 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Облыс бойынша 221 мектепте 4493 кезекші сынып ашылған.

Облыс әкімінің сұрағына жауап берген Гүлнәр Ходжабергенова барлық бала компьютермен және роутермен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

«Оған бірінші кезекте аз қамтылған отбасыдан шыққан, ерекше қажеттілігі бар, жетім және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар қол жеткізді»,-деді басқарма басшысы.