Жамбыл облысында 276 мың медициналық маска қоры бар

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатындағы іс-шараларға республикалық бюджеттен 576 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 281 миллион теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жамбыл облысында 276 мың медициналық маска қоры бар

Облыстық әкімдікте өткен штаб отырысында қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар барысы сараланды. Ол туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов баяндады.

Б. Жарқынбековтың айтуынша, аймақта бүгінге дейін коронавирус жұқтырған 49 адам тіркелген десек, оның ішінде Мойынқұм және Шу аудандарында - бір-бір жағдайдан, Меркі ауданында - 2, Жамбыл ауданында - 3, Тараз қаласында - 6, Қордай ауданында - 30 және «Дели - Тараз» бағытында рейс жолаушылары арасынан 6 жағдай анықталған. Науқастармен байланыста болған 604 адам оқшауланып, карантинге алынды.

М.Жұманқұлов бүгінгі таңда облыстың барлық медицина қызметкерлері жеке қорғану құралдарымен және антисептиктермен толық көлемде қамтамасыз етілгендігін айтып сендірді.

Ол облыста коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларға республикалық бюджеттен 576 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 281 миллион теңге бөлінгенін жеткізді. Қазіргі таңда 4,1 мың бір реттік медициналық костюм, 276 мың бір реттік маска, 17,8 мың респиратор, 4,8 мың литр дезинфекциялық құралдар мен антисептиктер және басқа да медициналық бұйымдар мен препараттар қоры бар.

Сондай-ақ, өңірде заңсыз айналымнан тәркіленген этил спиртінен 13 мың литрден астам антисептик дайындалып, облыстың медициналық мекемелеріне жіберілген. Антисептиктердің қосымша көлемін 216 мың литр конфискаттан алу жоспарлануда.