Жамбыл облысында 3 бала ысты газға уланып қалды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында бір үйдің үш баласы газға уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«15 желтоқсанда Тараз қаласы «Шөлдала« массиві, Дулаг көшесі бойындағы жеке тұрғын үйде қатты отынмен жанатын пештің ақауы салдарынан (мұржада тартқыштың болмауы) көмірқышқыл газына уланып, 2005, 2009 және 2015 жылы туған үш бала ауруханаға жатқызылды», - деді ведомстводан.
Сондай-ақ осы күні тағы бір оқиға болып, бір бала зардап шекті.
«Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында жеке тұрғын үйде, душ қабылдау кезінде газ колонкасын пайдалану ережелерін бұзу салдарынан (мұржада тартқыштың болмауы) газға уланған 2005 жылы туған қыз ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты»,-делінген ақпаратта.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.