Жамбыл облысында 3 су қоймасы салынса, Қырғызстанға тәуелділік азаяды - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қырғыз тарапынан алатын судың бір бөлігін жергілікті су қоймаларын салу арқылы қамтамасыз етуге болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында 3 су қоймасы салынса, Қырғызстанға тәуелділік азаяды - министр

«Шу және Талас өзендері бойынша қырғыз тарапымен мемлекетаралық пайдаланудағы гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстауға және реконструкциялауға бөлінетін қаржыны көбейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол Мәжіліс қабырғасындағы Парламенттік тыңдауда.

Оның айтуынша, Шу мен Таластан су алып отырған өңірлерде жерасты суын пайдалану көлемі ұлғаймақ.

«Қырғыз тарапына тәуелділікті азайту үшін Жамбыл облысында 3 су қоймасын салу жұмысы басталып, суару қажеттігі үшін жерасты көздерін пайдалану көлемі ұлғаяды», - деді Серікқали Брекешев.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың мәліметі бойынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады.