Жамбыл облысында 300 мыңнан астам медициналық маска қоры бар

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімдігінде жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, Мемлекет басшысының төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысында 300 мыңнан астам медициналық маска қоры бар

« Президент коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және дағдарысқа қарсы шаралар пакетін қабылдау бойынша бірқатар тапсырма бергені мәлім. Біздің міндетіміз - олардың сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, өңірдегі тұрақтылықты сақтау», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің орынбасарлары, Қордай, Жамбыл, Шу аудандарының әкімдері, жауапты мемлекеттік органдардың басшылары өңірде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Бүгінде резервте 300 мыңнан астам медициналық маска, 17 мың респиратор, 230 мың бір реттік қолғап, 9,5 мың медициналық костюм бар.

Қазіргі таңда облыс бойынша медициналық мекемелерде карантинге 25 адам жатқызылған. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, сынама теріс нәтиже көрсеткен. Өңірде барлығы 1 190 төсек-орын дайындалған және 758 медициналық қызметкер жұмылдырылған.

Аталған жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев облыс халқының денсаулығын сақтау және қорғау бойынша қажетті алдын алу шараларын қабылдау үшін барлық мемлекеттік органдардың өзара ұйымшылдықпен жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға және сауда желілерін отандық азық-түлікпен толтыруға ерекше назар аударудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, «Айша бибі» және «Қарасу» өткізу пункттерінде шекаралық және санитарлық бақылауды күшейту, онда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерді тепловизормен және қорғаныс құралымен қамтамасыз ету қажеттігі, шекарада кептеліс туындамау үшін қажет болған жағдайда кеден қызметкерлерінің санын ұлғайту керектігі айтылды. Тараз қаласының әкімдігіне қоғамдық орындарды, аялдаманы, сауда және әлеуметтік нысандарды дезинфекциялау жұмысын жалғастыру тапсырылды.

«Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Жергілікті деңгейде салық преференциясы мен қолдауды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард долларды құрайды. Қала және аудан әкімдері жергілікті жерлерде халыққа және кәсіпкерлерге бизнесті қолдау және жұмыс орындарын сақтау бойынша мемлекет тарапынан қандай шаралар қолға алынып отырғандығын түсіндіру керек», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.