Жамбыл облысында 6 адам құмды далада адасып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері құмды далада адасқан 6 адамды құтқарды, соның үшеуі - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысында 6 адам құмды далада адасып кетті

«1 наурыз күні түнде Жамбыл облыстық ТЖД-ның «112» нөміріне Байзақ ауданында құмды аймақта 6 адам адасып кеткені, оның үшеуі кәмелетке толмаған бала екені туралы хабар келді. 00:30-да құтқарушылар «Нива» көлігімен жолға шықты», - делінген хабарламада.

Адасқандар жақын маңда елді мекен болмағандықтан, өздерінің қайда екенін нақты айта алмаған. Оның үстіне қалың тұман да іздестіру жұмыстарын қиындатты.

Құтқарушылар оларды таңғы 4-ке қарай Байзақ ауданының Ақжар ауылынан 32 шақырым жерден тапты. «Гольф-2» көлігінің жүргізушісі мен жолаушылары ұзақ уақыт бойы өздері жол табуға әрекет жасаған, бірақ амалы табылмаған соң көмек шақырған.

Зардап шегушілер қауіпсіз жерге жеткізіліп, оларға сақтық шаралары ескертілді.