Жамбыл облысында 60 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ

Аталған көрсеткіштер мен атқарылатын жоспарлы жұмыстар туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде қаралды.
Ағымдағы жылы өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 58,6 мың адам қамтылады, оны жүзеге асыруға 85,3 миллиард теңге бағытталған. Нәтижесінде 52,4 мың адам жұмыспен қамтылатын болса, оның 22,6 мыңы – тұрақты. Бұл жұмыстар арнайы әзірленген аймақтық Жол картасы аясында атқарылмақ. Ол туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков баяндады.
«Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында 9,7 мың адам жұмысқа орналасқан. Бүгінде кәсіптік қайта даярлау аясында 171 жамбылдық оқытудан өтуде десек, 18 мамырднан бастап олардың саны 1350 адамға артпақ. Сондай-ақ, 232 адам 912,1 миллион теңгенің шағын несиесіне қол жеткізген»,-деді Ж.Баубеков.
Жол картасы бойынша инженерлік және көлік инфрақұрылымын салуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға және елді мекендерді абаттандыруға 61,2 млрд. теңге қарастырылған. 19,6 мың жұмыс орны құрыламақ. Қазіргі уақытта барлық лоттар бойынша конкурстар өткізіліп, Қордай ауданында 552 жоба бойынша жұмыстар басталды.
Жол картасы ағымдағы жағдайға байланысты өзгеруі де мүмкін. Бердібек Сапарбаев бағдарламаны келесі жылға дейін ұзартуды тапсырды, сондықтан аудан әкімдері жаңа жобаларды дайындауы тиіс.
Сонымен қатар, облыс әкімі өткен жылы берілген шағын несиелер мен гранттардың тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды. Жаңа ШОБ құрылды ма, қанша жұмыс орны ашылды, салық базасы ұлғайды ма? Осы секілді сұрақтардың барлығына нақты жауаптар берілуі тиіс, жіберілген қателіктерді қайталауға жол берілмейді.
Қажы МҰРАТ