Жамбыл облысында 90 жолаушы қар құрсауынан құтқарылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Синоптиктер болжаған қалың қар мен қатты аяз Жамбыл облысына да жетті. ТЖ қызметтері тұрғындарға ауа райының жайсыздығы туралы хабарламаны ұялы телефондарға тәулік ішінде жіберді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілішісі.
Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметінде хабарлауынша, өткен демалыста іздеу және авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Қордай ауданында Алматы-Ташкент тас жолының 240-шы шақырымында Шымкент-Алматы бағытындағы 2 рейстік «Сетра» автобусы қарға батып қалған. Көлікте 50 жолаушы болған. ТЖБ күштері, АІІБ, «Қазавтожол» РМК қызметкерлері жолаушыларға көмек көрсетіп, автобустарды қар құрсауынан босатты. Адамдар жолай көліктерге мініп кетті, зардап шеккендер жоқ.
Алматы-Ташкент жолының 165-191 шақырымы аралығында, сондай-ақ Қордай ауданында АТЖБ құтқарушылары, жергілікті атқарушы орган өкілдері қар құрсауынан 30 көлікті алып шықты. ҚР ҚМ 28123 әскери бөлімінің күштері мен техникалары, КамАЗ және 10 адам жұмылдырылды, 13 жүк көлігіне, 1 жеңіл машинаға көмек көрсетілді.
Жергілікті атқарушы органдар жеке құрамды ыстық тамақпен, жылыту орнымен, жанар маймен қамтамасыз етті.
Талас ауданында Тараз-Ақкөл жолының 75-ші шақырымында Тараз-Байқадам бағытына бет алған «Сетра» автобусы бұзылды. Ішінде 40 жолаушы бар. ТЖД күші (7 адам, 2 бірлік техника) 25 адамды құтқарды, олардың 4-еуі бала. Қалған жолаушылар жолай көлікке мініп діттеген жерлеріне жетті.