Жамбыл облысында анасы қызына бүйрегін берді

2013 жылы Ұлдайдың зақымданған екі бүйрегі істен шығып, диализ аппаратына таңылған. Сырқаты асқынған ол іштей өмірден күдерін де үзген.
« Өз бетіммен бойымдағы сұйықтықты сыртқа шығара алмайтын едім, оны тек гемодиализдің көмегімен жасауға болады. Содан соң Қарақалпақстаннан Тараз қаласына көшіп келдік. Отбасымызда бес ағайындымыз. Әкеміз ауыр сырқаттан бақилық болды. Анамыз жұмыссыз», - дейді Ұлдай.
Қызының ахуалы жанына батқан ана Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке жүгінеді.
Науқастың әлеуметтік жағдайы мен сырқатынан хабардар болған тәжірибелі хирург Әсет Әскерұлы жедел шешім қабылдап, донорлық трансплантация бағдарламасын 5 мамырда бастап кетеді.
Ал донорлыққа қыздың 56 жастағы анасы келісімін берген. 6 сағатқа созылған ота сәтті өтті.
Бүйрек алмастыру операциясынан кейінгі бірінші тәулікте ағзада жиналған 4 литр зәр сыртқа шығып, бойжеткен өзін әлдеқайда тәуір сезінген.
Талдау сараптамасы да жақсы нәтиже көрсеткен. Науқастың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер үшінші тәуліктен кейін пациентті палатаға ауыстырды.
«Операциядан кейін есімді жиғанда маған екінші рет өмір сыйлаған анамды еске алдым. Жағдайы нашарлап қала ма деп уайымдадым. Қазір анамның да, менің де жағдайымыз жақсы. Он жылдық азапты өмірімді жеңілдеткен операциядан кейін көңілім толқып, жылап жібердім. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев барлық шығындарымызды жеке қаражатынан төледі», – дейді Ұлдай.
Айта кетейік, өңірде бүйрек функциясы бұзылған 903 пациент динамикалық бақылауда тұр.
Оның ішінде бүйрегі ауыстырылған 64 адам және бағдарламалық гемодиализдегі 722 пациент бар.