Жамбыл облысында асарлатып үй салу жобасы аясында 60 отбасы баспаналы болды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен кеңес өтті, онда бірқатар басқарма басшыларының идеологиялық салада атқарылған жұмыстар туралы есептері тыңдалды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында асарлатып үй салу жобасы аясында 60 отбасы баспаналы болды

Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мақпал Досымбекова ағымдағы жылдың 11 айындағы бюджет қаражатының игерілуі туралы баяндады.

Мемлекет басшысының қолдауымен облыста «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жүзеге асырылуда. Тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін өзекті мәселелерді ескере отырып, қауіп-қатерлер картасы әзірленген. Басқарма ай сайын облыстағы қоғамдық-саяси жағдайды зерделеп отырады. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 123 үйдің құрылысы басталса, бүгінгі таңда 60 үйдің кілті табысталып үлгерген. Ал, «Үлгілі ауыл» байқауына 13 ауыл қатысқан.

Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков ағымдағы жылы аталған саланы дамытуға 5,8 миллиард теңге бағытталғанын жеткізді. Спортпен жүйелі шұғылданатын жамбылдықтардың саны 32 пайызды немесе 359,3 мың адамды құрайды. Облыс тұрғындары үшін қолжетімді 2590 спорт нысаны жұмыс істейді. Спорттың әр түрі бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасының құрамына 1121 жамбылдық спортшы енген, бұл республикалық көрсеткіштің 10,3 пайызын құрайды.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сара Мәдиеваның айтуынша, ағымдағы жылы облыстың мәдениет саласына 7,1 миллиард теңге, ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 499,4 миллион теңге бөлініп, игерілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 660 миллион теңгеге үш мәдени нысанның құрылысы жүзеге асырылуда, ал «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы шеңберінде 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 202 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылды.

Басқарма басшысы, карантинге байланысты наурыз айынан бастап онлайн режимде 10444 іс-шара өткізілгенін жеткізді.

«Қазір көптеген адамдар өзінің пікірлерін әлеуметтік желі арқылы білдіруде. Көптеген сындар айтылуда. Олардікі орынды. Алайда, тұрғындар көбіне аймақта жүзеге асып жатқан ауқымды шаралар туралы біле бермейді. Сондықтан ішкі саясат басқармасы әлеуметтік желілермен жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бақылауға алу қажет. Оларға жеткілікті деңгейде қаражат бөлінуде. Жұмыс та соған сай болуы керек. Неге облыстық филармония ауылдарға барып, ауыл тұрғындарына өнер көрсетпейді? Осыған назар аударуыңызды сұраймын»,-деді Б.Сапарбаев.

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, жуырда ғана «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанған ақын Хамит Есаманға «Алғыс хат» тапсырды.