Жамбыл облысында ауыл әкімі көшеге әкесінің есімін бергізгені рас па
«Жамбыл облысы Мыңарал ауылында С. Сейфуллин атындағы көшені өзінің әкесі немесе туысы С. Қашқынбековтің атына ауыстырған. Мүмкін ол ауылға еңбегі сіңген адам шығар, бірақ әкімдердің өз туыстарына көше атауын бергізуі қашан тоқтайды? Ия, мен де С. Сейфуллиннің руы тоқа руынанмын. Бірақ мен қазақты руға, жүзге немесе нағыз қазақ деп бөлмеймін. Алайда, мен тарихи тұлғаның есімі берілген көше атауының өзгеруіне қарсымын», - деп жазды М. Тінікеев.
Мыңарал ауылы қарайтын Мойынқұм ауданының әкім орынбасары Амангелді Нәметқұловтың сөзінше, тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Аталған жағдайдан кейін архив құжаттарын қайта қарадық. Бұл көше бұрын ауыл тұрғындарының өтінішімен ауысқан. Сейфуллиннің атын ешкім алып тастаған жоқ. Ардагерге берілген көше шет жақта, ол көшеде бұрын атау болмаған»,- деді аудан әкімінің орынбасары Амангелді Нәметқұлов.
Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенетін болсақ, аталған шешімді сол кездегі ауыл әкімі шығарған екен. Бүгінде М.Тінікеевтің жазбасы бойынша қызметтік тексеріс басталған.
«Мыңарал ауылдық округі әкімінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі №21 шешімімен Мыңарал ауылында (қазіргі ауыл) еңбек және соғыс ардагері Саршөкен Қашқынбековтің құрметіне бір көшеге есімі берілген. Мыңарал станциясындағы шағынауданнның тағы бір көшесі Сәкен Сейфуллин есімімен әлі де аталады.
Яғни, аталған шешімге сәйкес С.Сейфуллин атындағы көше С.Қашқынбеков көшесі болып өзгертілмеген.
Сондай-ақ, азамат М.Тінікеевтің аталған факті бойынша жазбасына байланысты Жамбыл облысы әкімінің аппараты қызметтік тексеріс белгіледі», - делінген хабарламада.