Жамбыл облысында аймақтық Индустрияландыру картасы бойынша жоспарланған тоғыз жобаның үшеуі іске қосылды
ТАРАЗ. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында аймақтық Индустрияландыру картасы бойынша жоспарланған тоғыз жобаның үшеуі іске қосылды.
Облыстық әкімдіктен хабарлағандай, 2012 жылы аймақтық Индустрияландыру картасына 14,3 млрд. теңгелік инвестиция көлемі бар тоғыз инвестициялық жоба кірді. Шамамен 500 жұмыс орны ашылады.
Жыл басынан бері жалпы сомасы бір миллиардтан астам теңгеге үш жоба енгізілді. Бұл құрылыс индустриясының екі кәсіпорны мен натрий гексаметафосфаты мен тағамдық фосфат өндіретін зауыт.
Жамбыл облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарының 70 пайызы Таразда орналасқан. Осыған байланысты облыс әкімдігі өнеркәсіп өндірісін әртараптандыру және инвестицияларды ауылдық жерлерге тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, 19 жаңа жобаның 13-і (70 пайыз) аудандарда іске асырылуда.
Аймақта Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, соның аясында аймақта жалпы сомасы шамамен 500 млрд. теңгені, құрылыс уақытында шамамен 6 мың жұмыс орнын және пайдалануға беру кезеңінде 6 300 тұрақты жұмыс орнын құрайтын 29 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Жобалар Франция, Италия, Чехия, Түркия, Иран және Ресейдің шетелдік инвестициялары мен технологияларын кеңінен тартумен іске асырылуда, деп атап өтті облыстық әкімдікте.