Жамбыл облысында азық-түлік қоры жеткілікті - әкімдік

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында бүгінгі таңда азық-түлік нарығындағы ахуал тұрақты. Облыс аумағындағы сауда орындарында толассыз кезекте тұру жағдайлары тіркелмеген. Бұл туралы хабарлаған өңір әкімінің баспасөз қызметі тұрғындарды босқа дүрлікпеуге және жалған ақпараттарды таратпауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жамбыл облысының көкөніс сақтау қоймалары мен өзге де қоймаларында 16,1 мың тонна азық-түлік қоры бар. Оның ішінде картоп - 1210 тонна, пияз – 5459 тонна, сәбіз – 7 363 тонна, сүт өнімдері – 675 тонна, қырыққабат – 67 тонна.

Сондай-ақ, бөлшек сауда нысандарында 1,7 мың тоннадан астам көкөніс өнімдері, 350 тонна ет, 1008 тонна ұн, 488 тонна күріш, 254 тонна қарақұмық, 165 тонна макарон өнімдері, 300 тонна өсімдік майы және басқа да азық-түлік тауарлары бар.

«Бұдан басқа, облыстың тұрақтандыру қорында 1,3 мың тонна көкөніс өнімдері, 2,6 мың тонна қант, 3 мың тонна ұн және басқа да бірінші қажеттіліктегі тауар қоры сақтаулы. Қолда бар азық-түлік қоры облыс халқының қажеттілігін 2-3 айға қамтамасыз ете алады. Бұл ретте, күн сайын базарлар мен қоймаларға бірінші қажеттілік өнімдерінің қосымша көлемі түсуде», - делінген баспасөз мәліметінде.

Облыс әкімдігі жанындағы жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне күнделікті мониторинг жүргізуде. Тауарлардың құнын негізсіз өсіру фактілері тіркелмеген. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты баға көтерудің қандай да бір фактілері туралы 45-21-24 телефон нөміріне (жұмыс уақытында) хабарлауға болады.


Соңғы жаңалықтар