Жамбыл облысында биыл 57 өрт тіркеліп, 5 адам қаза тапты
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Жамбыл облысында 57 өрт тіркеліп, 5 адам қаза тапты. Өрттен келген материалдық шығын – 10 млн 480 мың теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ ресми сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес, өрттің 22%-дан астамы немесе 13-і тұрғын үй секторында тіркелген. Жүргізілген талдаулар 7 жағдай немесе облыс бойынша өрттердің жалпы санының 12%-ы отты абайсыз пайдаланудан болғанын көрсеткен.
2022-2023 жылғы жылыту кезеңі қарсаңында халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 6 288 тұрғын үй есепке алынды. Профилактикалық жұмыстар барысында 1 693 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының 2 981 заң бұзушылығы анықталды. Негізінен электрлі техникалық желілер мен электр жабдықтары, автономды жылыту жүйелерін пайдалануға байланысты. Қазіргі уақытта өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша 1 164 заң бұзушылық жойылды.

Газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтау үшін тұрғын үйге датчиктерді орнату жұмыстары жалғасып жатыр. 2022-2023 ж.ж. жылыту маусымында осал топтардың тұрғын үйлерінде 2 913 улы газ датчиктері орнатылды. Датчиктерді орнату жұмысының ең жоғарғы көрсеткіші Жуалы ауданында – 1 010, Шу ауданында – 1 000.
Сонымен бірге, тұрғындардың және демеушілердің көмегімен газ отыны жаңадан тартылған абоненттердің тұрғын үйлеріне 2022-2023 жылдардың жылыту кезеңі қарсаңында 8 500 газ талдауыштар орнатылды.
Тараз қаласы, Талас, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Меркі, Қордай аудандарының әкімдері тарапынан тұрмысы төмен 266 жеке тұрғын үйдің жылыту пештеріне жөндеу, 402 тұрғын үйдегі мұржаларды тазарту және 325 тұрғын үйдің жарамсыз электр сымдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.


Фото: gov.kz