Жамбыл облысында дауыл салдарынан келтірілген шығын есептелді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Өңірдегі ғимараттар мен құрылыстарды қиратып, ағаштарды құлатқан дауылдың жылдамдығы 33 м/с-ке жеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, Таразда 13 сәуірде күні бойы тұрған жел салдарынан 81 ағаш құлаған. «ТҚЭС» ЖШС-ға электр энергиясының өшіп қалғандығы туралы 184 хабарлама келіп түскен. Сондай-ақ, екі мектеп пен алты көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып кеткен. Зардап шегушілер жоқ.
Тараздағы дауылдың салдарын жою үшін Жамбыл облыстық ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ және «Өрт сөндіру қызметі және апаттық-құтқару жұмысы» ММ бөлімшесі жұмылдырылып, «Тараз қалалық электр стансасы» ЖШС 14 жөндеу бригадасы мен «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС ағаш кесу бригадасы тартылды. Барлығы 70 адам мен 20 техника дауылдың салдарын жойды.
Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында ҚР ҚМ 10216 әскери бөлімінің 210 шаршы метрлік аумағында казарманың шатыры толығымен жұлынып кеткен. Ешкім зардап шекпеді.
Байзақ ауданының Дихан ауылындағы су мұнарасының сыйымдылығы төмендеп, ересектерге арналған облыстық туберкулезге қарсы санаторияда су тоқтап қалды. Сағат 12:30-да қалпына келтірілді.
Шу ауданының Шу қаласында (12 994 абонент), Бәйдібек ауылында (161 абонент), Абай ауылында (260), Ақсу (284) және Төле би (95)аудандарында электр энергиясы сөніп қалды. Сол күні кешкісін жарық қайта қалпына келтірілді.
Еске салайық , 13 сәуір күні ескерту жарияланды. Синоптиктер өңірде жаңбыр нөсерге ұласып, оңтүстік батыстан, батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр болып, 30 метрге дейін жетеді деп болжаған. 12 сәуір кешке Таразда жауын толастамады, жел күшейе түсті. Құлаған ағаштар жолды бөгеп, жүргізушілерге қиындық тудырды. Қалада бағдаршамдары істен шықты, кей аудандарда жарық өшті.