Жамбыл облысында елорда атауының өзгеруіне қатысты форум өтті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдықтар Елорданың атауын Нұр-Сұлтан болып өзгеруі - талқылауды қажет етпейтін лайықты шешім, бұл халықтың Елбасына көрсеткен құрметі, ризашылығы деп біледі. Бұл туралы Nur Otan партиясы облыстық филиалы бастауыш партия ұйымдарының форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысында елорда атауының өзгеруіне қатысты форум өтті

Форумда сөз алған бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері егемендік жылдары еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан Елбасы есімінің елордаға берілгенін үлкен қуанышпен қабылдағандарын жеткізді.

«Біздің ел болып, еңсе тіктеуімізге өзге тұрмақ, өз ішімізде де сенбеушілер әуел баста көп болды. Шын мәнінде, сол бір кез көпшіліктің болашаққа күмәнмен қараған кезеңі еді. Сондай қиын кезеңнен алып шығып, бүгінгідей мамыражай заманға жеткізген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені сөзсіз», - деді «Шолақтау» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бағлан Сұлтанбек.

Ал «Қаратөбе» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Мөлдір Қырықбаева өз сөзінде: «Мемлекеттің негізін қалаушы тұлғалардың есімдерін ел тарихына мәңгі қалдырған мұндай оқиғалар әлемдік тарихта жиі кездеседі. Сондықтан еліміздің бас қаласына тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап қана қоймай, елімізді ырыс пен ынтымақтың алтын бесігіне айналдырған Тұңғыш Президент - Елбасының есімін беру өте орынды шешім әрі заңды құбылыс», - деп өзінің орамды ойын ортаға салды.

Сонымен қатар, «Дегерес» бастауыш партия ұйымының төрағасы Рауан Сағындықов елорданың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі тәуелсіз Қазақстан өміріндегі тарихи оқиға екенін, мұны жамбылдық бастауыш партия ұйымдары тарихи әділеттіліктің орнауы ретінде бағалауда екенін, ширек ғасырдан астам уақытта елімізді әлемге танытқан тұлғаның кемеңгерлігі мен даналығына мұндай құрмет көрсетілуі заңдылық деп қабылдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, аталған жиынға 100-ден аса бастауыш партия ұйымының жетекшілері, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты. Қазіргі кезде облыс бойынша 350-ге жуық бастауыш партия ұйымы болса, онда 70 мыңға жуық партия мүшесі бар.