Жамбыл облысында халықпен Бірыңғай байланыс орталығы құрылады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір кәсіпорындарының жұмысымен танысуды жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл жолы аймақ басшысы «Jardem-109» мониторинг және жедел әрекет ету ақпараттық орталығында болып, «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС фабрикасында, «Та-Мак» ЖШС және «БМ» өндірістік кәсіпорнына барды.
Тараз қаласы әкімдігінің «109» бірыңғай диспетчерлік қызметі облыс орталығының тыныс-тіршілігіне қатысты әртүрлі мәселелер бойынша азаматтардың өтініштері бойынша жедел әрекет ету мақсатында құрылған. Алайда, бұл қызмет бүгінде өз міндетін толықтай атқарып отырған жоқ. Қаланың коммуналдық және басқа да салаларындағы мәселелерге қатысты азаматтардың көптеген өтініштері нақты жүйелі жұмыстың жоқтығы салдарынан шешілмей келеді. Бұл орайда мерзімі өткен өтініштердің көп болуы бұл қызметтің тиімділігінің төмендігін көрсетеді. Сондай-ақ, азаматтарға берілетін жауаптардың сапасы да көңіл көңшітпейді.
Осыған байланысты 109 қызметін облыс әкімі аппаратының қарамағына беру және оның базасында бүкіл облысты қамтитын Бірыңғай байланыс орталығын құру мәселесі өз шешімін таппақ.
«Бұл орталықта облыстағы жұмыстардың ахуалы туралы барлық ақпарат шоғырлануы тиіс. Осы ретте қазіргі уақыттағы коронавирустық инфекцияға қарсы әрекет ету бойынша толық ақпараттық база құру қажет. Сондай-ақ, мұнда барлық әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және жергілікті атқарушы органдар қызметінің басқа да салалары бойынша база қалыптастырылады. Орталық қызметкерлері азаматтардың келіп түскен өтініштеріне жедел назар аударып және олар тарапынан туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға міндетті», - деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан соң аймақ басшысы «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС-ға барды. Бір кездері бұл кәсіпорынның өнімі тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал болатын. Алайда, кейінгі уақытта зауыт үлкен қиындықтарды бастан өткерді. Бүгінде мұнда әскери қызметшілер мен жұмысшыларға арналған бәтеңкелер дайындалады. Зауыт қарыздары жыл санап өсуде. Кәсіпорын басшылығына тұтынушылардың сұранысына сай тауарлардың жаңа түрлерін шығару мүмкіндігін қарастыру керектігі ұсынылды.
Сондай-ақ, Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында орналасқан «БМ» өндірістік кәсіпорнында да жұмыстардың ілгерілеуі байқалуда. ЖШС бас директоры Сұлтан Махмадовтың айтуынша, бүгінде зауыт құрама жем өндіруге маманданған. Ал жуырда коронавирустың таралуына байланысты мұнда антисептиктер шығарыла алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Бердібек Сапарбаев кәсіпорын қызметін оң бағалап, оның дамуына барынша қолдау көрсетуге уәде берді.