Жамбыл облысында инвестиция тарту көрсеткіші 7,8 пайызға артты
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев «Казфосфат» ЖШС филиалы – минералды тыңайтқыштар зауытының әкімшілік ғимаратында өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстағы ірі кәсіпорындарын басшыларымен кездесті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылғы деңгейден 1,6 пайызға жоғары. Экономика дамуының екінші маңызды көрсеткіші – инвестиция тарту көрсеткіші де былтырғы жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артық. Халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыруға бюджеттен 45 миллиард теңге қаралды. 500 мыңнан астам тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетілді», - деген облыс әкім жергілікті атқарушы органдардың қызметі туралы тоқталып өтті.

Одан кейінгі сөзді «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров алды.
«Ағымдағы жылдың он айында біз өткен жылдың толық көрсеткішіне тең 144 миллиард теңгенің өнімін өндіре алдық. Жыл соңына дейін бұл сан 155 миллиард теңгеге дейін өседі деп ойлаймын. Біз бюджетке барлық төлемдер бойынша 17 миллиард теңгеден астам қаржы түсірдік. Қазір бізде аммофос өндірісін кеңейту жобасы іске асырылуда. Келер жылдың бірінші жартыжылдығында натрий гексаметофосфатын шығаруға кірісеміз. Бұл өнімдер толығымен экспортталатын болады», - деді М.Ескендіров.
Осы жылдың шілде айында сегіз айлық үзілістен кейін «Тараз қант зауыты» іске қосылды. Бұл туралы «Тараз қант зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбеков айтып берді.
Ол сегіз айлық кідірістің себебін Ресейдегі қант қызылшасының бұрын-соңды болмаған өнімінің нәтижесінде қант бағасын төмендеуімен түсіндірді.
«Talas Investment Company» ЖШС Бас директоры Ерлан Нұрханов былтырғыға қарағанда кәсіпорынның ағымдағы жылы өнімді жұмыс істеп жатқанын айтты.
Соның арқасында өндірілген өнім көлемін ақшалай түрде бір миллиард теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік туған.
Тараз металлургиялық зауыты да өндірісті кеңейту үшін қаржы құюға ниетті. «ТМЗ» ЖШС Бас директорының орынбасары Ғабит Сұлтанқұловтың айтуынша, қазір электрод массасын шығару цехын жаңғыртылуда.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев жыл басынан бері палатаға құқық қорғау бойынша 214 өтініш келіп түскенін айтты.
Барлық өтініш бойынша тиісті шаралары қабылданды, қорғалған бизнес-активтер мен мүліктің жалпы сомасы 320 миллион теңгеден асқан. Заңгерлер он сот процесіне қатысса, бүгінде оның жартысында жеңіске жеткен.
Стартаптар мен қолданыстағы бизнесті ілгерілету үшін палата кәсіпкерлікті қолдаудың барлық дерлік бағдарламаларын іске асырды.
«Шын мәнінде Мемлекет кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған көптеген шаралар қабылдауда. Бірақ жақсы жобалар аз. Әсіресе ауылшаруашылық өнімдеріне қатысты. Сұранысқа ие өнімге баса назар аудару керек. Баяндамашы айтып өткен ара, бақша шаруашылығы және басқа да жобалар бойынша жұмыс істеу керек. Мемлекет бізге ұсынып отырған мүмкіндіктерді барынша пайдаланайық, бірақ бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұмытпайық. Мәселен: ұжымдық шарттар жасасу, аз қамтамасыз етілгендерге көмек көрсету, жалақыны уақытылы төлеу. Желтоқсан айының жалақысын желтоқсанда жіберу керектігін ұмытпаңыздар. Жыл қанша ауыр болғанымен, оны сәтті аяқтайық», - деп түйіндеді Б.Сапарбаев.
