Жамбыл облысында ірі жаңа спорт кешені ашылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Жамбыл облысы Қордай ауданы Әлжан ана ауылында жаңа спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, еркін күрес, бокс, таэквондо және дзюдо сияқты бірнеше спорт секциялары жұмыс істейтін болады,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауданы 1400 шаршы метрден асатын спорт кешенінің құрылысына «Самұрық-Қазына»АҚ – «Менің Елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Samruk - Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қаражат бөлген. Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстар, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары өткізілмек. Кешен үлкен арена, әмбебап зал, бокс және күрес залдары және 4 киім ауыстыратын бөлмелермен қамтылған.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Облысымызда 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде десек, оның төртеуі Қордай ауданының ауылдарында жүзеге асуда. Әлжан ана ауылында жаңа спорт кешенінің ашылуы жергілікті жастардың, жалпы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға, ықпал етеді деп сенемін. Енді олар аудан орталығына баруға артық ақша мен уақыт шығындамай-ақ, сүйікті спорт түрімен өз ауылдарында шұғылданатын болады», - деді Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтап.
Сондай-ақ, спорт кешенінің ашылу салтанатына осы ауданның тумасы, IBA нұсқасы бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Марат Мәзімбаев арнайы қатысып, жақын болашақта осы кешеннің қабырғасынан Олимпиада және әлем чемпиондары шығатынына, олардың құрметіне тәуелсіз Қазақстанның әнұранын әуелейтініне сенім білдірді.
Барлық спорт залдары керекті құрал-жабдықтармен, оның ішінде бокс рингімен, күрес матрастары және төсеніштерімен, груша және басқа да тренажерлармен жабдықталған. Мұнда жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 120 қатысушысы 6 жаттықтырушымен бірге шынығатын болады.
Айта кетейік, ғимараттың мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қол жетімділігі қарастырылып, пандустар және арнайы дәретханалар салынған. Сонымен қатар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектермен қамтылған медициналы кабинет те қарастырылған. 
Бұл «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының Жамбыл облысында іске асырған алғашқы жобасы емес десек, бұған дейін 2020 жылы өңірде үш әмбебап спорт алаңы ашылған.