Жамбыл облысында құлаған АН-2 ұшағының апат себептерi наурызда белгiлi болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында құлаған АН-2 ұшағының апат себептерi екi-үш айдан соң белгiлi болады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетi басшысының орынбасары Серiк Мұхтыбаев мәлiм еттi.
"Қазiргi уақытта тергеу жұмыстары жүргiзiлуде. Оған арнайы үкiметтiк және ведомстволық комиссия құрылды. Ұшақ апат орнынан Алматы қаласына жеткiзiлдi. Сол жерде оның неден құлағанын анықтайтын болады. Ол комиссияның тағы үш комиссиялық тобы жұмыс iстеуде. Тергеу тобына зауыт өкiлдерi, тәуелсiз сарапшылар да шақырылды. Соның iшiнде құқыққорғау органдары жұмыс жасауда, бiрақ олар өз саласы бойынша. Нәтижесi бойынша қосымша ақпараттар ұсынылып отырады. Ұшақ ауа райының қолайсыз кезiнде ұшқан болатын. Апатқа себеп болған барлық факторлар қаралуда", - дедi ол тiлшiлерге берген сұхбатында.
Оның сөзiне қарағанда, ұшақ апатының себептерi шамамен наурыз айында анықталады.
"Алдын ала себептерiн айта алмаймын, өйткенi факторлар өте көп. Олар әдетте ауа райының қолайсыздығы, техникалық және адами факторлардың кесiрiнен болып жатады. Мен оқиға орнында болдым. Ұшақ қатты зақымданған. Оның барлық бөлiктерiн жинап, тергеу жүргiзу қажет және оның нәтижелерi қашан болатынын дөп басып айта алмаймыз. Халықаралық тәжiрибе бойынша мұндай ұшақтар екi-үш ай зерттеледi", - дедi С. Мұхтыбаев.
Сонымен қатар комитет төрағасының орынбасары, ұшақта әуе керосинiнiң орнына автокөлiк жанар-жағармайы қолданылды деген БАҚ-та жарияланған ақпаратқа қатысты пiкiрiмен бөлiстi.
"Әуе жанармайының орнына автожанармайды қолдануға мүмкiндiк беретiн 2004 жылғы бұйрық бар. Бұл бұйрық үш жылдық қолдану тәжiрибесi жасалғаннан кейiн қабылданды. Бұл мәселе аталмыш ұшақтың жасақтаушыларына байланысты болды. Қазiргi уақытта елде дәл осындай 115 ұшақ бар. Соңғы бес жылда 27 әуе жағдайлары орын алды, олардың 11-i әуе апаттары", - дедi ол.
Оның айтуынша, былтыр Азаматтық авиация комитетi АН-2 әуе кемелерi үшiн бiрыңғай техникалық қызмет көрсету бағдарламасын қабылдады. "Сәйкестендiру тексерiстерi кезiнде 108 дана АН-2 ұшағын ұшыруға жiберiлмеген. Олар техникалық қызметтен өткеннен кейiн ғана әуе ұшуларына жiберiлдi. Егер апат жағдайлары техникалық ақаудан болды деп анықталып жатса, кейiн елдегi барлық АН-2 әуе ұшақтары тексерiстен өткiзiлмек", - деп атап өттi С. Мұхтыбаев.
Оның айтуынша, ұшақтың апатқа ұшырауы себептерiн анықтайтын сарапшылар шетелден тартылмайды. "Бiздiң отандық мамандардың бiлiктiлiгi өте жоғары және шетелден сарапшы шақырту қажеттiлiгi жоқ. АН-2 өте сенiмлi ұшақ. Ол 60 жыл бойы пайдаланылып, өзiнiң мықтылығын, соншалықты бiр сына бермейтiндiгiн дәлелдедi. Ұшақ 1972 жылы шығарылған, бiрақ ұшақтарда ескi деген ұғым жоқ, оларда ұшуға дайын немесе дайын емес деген түсiнiк қана бар. Сондықтан оның шығарылған жылына назар аудара берудiң қисыны жоқ", - деп түйдi сөзiн ол.