Жамбыл облысында Мәдениет үйі мен спорт кешені пайдалануға берілді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы Бурыл ауылында екі бірдей нысан ел игіліне берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Тәуелсіздік күніне орай Байзақ ауданындағы Бурыл ауылдық округінде жаңа дене шынықтыру - сауықтыру кешені және 180 орындық Мәдениет үйі есігін айқара ашты.
Пайдалануға берілген жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын мердігер «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Жалпы құны 349 миллион 900 мың теңгені құраған жоба бас-аяғы жеті айда тұрғызылған.
Спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, самбо, бокс, таэквондо және дзюдо сияқты бірнеше спорт секциялары жұмыс істейді.
Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстар, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары өткізілмек. Кешен үлкен арена, әмбебап зал, бокс және күрес залдары және 4 киім ауыстыратын бөлмелермен қамтылған.
Барлық спорт залдары керекті құрал-жабдықтармен, оның ішінде бокс рингімен, күрес матрастары және төсеніштерімен, груша және басқа да тренажерлармен жабдықталған.
Сол секілді, 180 орындық Мәдениет үйінің салтанатты ашылуын да барша бурылдықтар, әсіресе, ауыл жастары асыға күткен. Ауыл ақсақалдары енді спортсүйер, дарынды жастар, өнерпаз өрендердің бас қосатын, талантын шыңдайтын орындары бар екенін айтып шаттануда.
Екі жаңа нысанның салтанатты ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік меркесімен және қос қуаныштарымен құттықтады.
«Бурыл ауылдық округіне үш миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, нәтижесінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынды. Олардың қатарында, пайдалануға беріліп отырған дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 180 орындық Мәдениет үйін айрықша айтуға болады. Енді, бұл нысандар сіздердің спортпен шұғылдануға деген ынталарыңызды, рухани және эстетикалық талаптарыңызды қанағаттандырады деп сенеміз. Осы жерден небір майталман спортшылар, өнер иелері қанат қағып шығады деген ойдамын. Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын», - деді Талғат Мамаев.
Айта кетейік, Мәдениет үйінің жобалық құны 161 миллион 500 мың теңгеге бағаланған. Мердігер тоғыз айға жоспарланған құрылысты мерзімінен бұрын аяқтаған.




