Жамбыл облысында мектептердің 95 пайызы Интернет желісіне қосылған

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
«Облыс мектептерінің 95 пайызы Интернет желісіне қосылған.
138 мектепте 690 интерактивтік тақта орнатылды. 45 білім нысаны е-learning электронды оқыту жүйесін пайдаланып отыр.
Осы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша облыстың орташа көрсеткіші 75,02 балды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,52 балға жоғары болды. Егер, 2009 жылы біз республика бойынша соңғы орында болсақ, қазір бел ортаға көтерілдік. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз, бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады »,-деді Қ. Бозымбаев.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыстың 48 оқушысы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары атанып (2012 жылы - 36 оқушы), республика бойынша командалық 1 орынды иеленген.