Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарлама аясында екі жаңа мектеп ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық 2 400 оқушы биылғы жылы жаңа мектептерде білім алатын болады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Бүгін Таразда екі жаңа мектеп ашылды. Олардың бірі «Салтанат» шағын ауданындағы №30 орта мектеп болса, екіншісі «Шолдала» елді мекенінде орналасқан 1 200 балаға арналған орта мектеп. Сонымен қатар облыс орталығындағы көне мектептердің бірі - №24 мектеп-гимназиясына қосымша салынған ғимарат іске қосылды. Осының барлығы балалардың мектептегі тығыздық мәселесінің шешілуіне негіз болды.



Аталған ысандардың барлығы 2015-2019 жылдарды қамтитын инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында салынды, деп нақтылады әкімдік өкілдері. №30 мектеп-гимназиясының салтанатты ашылу рәсімі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен өтті. Бұрын балалар апатты жағдайда тұрған ғимаратта білім алып келген болса, енді олар жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді алып жатқан жаңа да кең сыныптарда оқитын болады.

Ғимараттың жобалық құны 1,3 млрд теңге. Ол ҚР Ұлттық қоры тарапынан қаржыландырылды. №30 орта мектептің 46 оқу кабинеті заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілді. Акт залына 350 адам сыяды. Асханасында бір мезгілде 150 бала тамақтана алады. Спортзалында жаңа спортпен айналысуға арналған құрылғылар бар. Бұл мектепте 80 педагог жұмыс істейді.

Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының деректері бойынша, биылғы жылы іске қосылған 20 білім мекемесінің 14-і мектеп, 3-уі мектептердің жанынан салынған құрылыс нысандары, бір жаңартылған ғимарат, колледждің қосымша ғимараты мен кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығы бар.

Жаңа оқу жылында Жамбыл облысында 451 мектеп жұмыс істейді. Онда 214 мың бала білім алады.

Соңғы жаңалықтар