Жамбыл облысында өңеші күйген балалар саны артуда
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық дәрігерлер соңғы жылдары өңеші күйген балалар санының күн санап артып келе жатқанын айтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбыл облыстық балалар ауруханасының мәліметіне сүйенсек, ЛОР-бөлімде соңғы үш жылда тұрмыстық химияны жұтып, «ауыз қуысының шырышты қабатының, жұтқыншақтың, өңештің химиялық күйігі» диагнозымымен емделген 59 бала тіркелген.
2014 жылы қауіпті құралдан өңеші күйген 14 бала, 2015 жылы - 17 бала және 2016 жылы - 28 бала зардап шекті.
Дәрігерлер осындайға жағдайға көбінесе ересектердің назарынан тыс қалып, барлық жаңа нәрсені танып-білгісі келетін 1-ден 3-жас аралығындағы балалардың тап болатынын айтуда. Басты мәселе - олардың улануы мен күйікке шалынуы емес, оның салдарынан өңештің тыртықтанып, тартылуына әкеп соғуы. Емдерді дұрыс қабылдағанның өзінде өңештің тарылуынан айығу мүмкін емес.
«Алғашқы көмек көрсету мақсатында балаға көп көлемде су ішкізіп, жедел жәрдем шақырту керек. Дәрігер асқазанын тазалап шаюы қажет, сонда ғана удың таралуы немесе асқазанның күюінен құтылуға болады. Кейіннен ем қабылдау стационарда жалғасады. Ата-аналар өңештің күюі оңай екенін, бірақ оны емдеудің өте қиын және балаға ауыр тиетіндігін естен шығармаулары қажет», - деп түйіндеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.