Жамбыл облысында шөп өртеніп жатыр

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында күннің ысуына орай табиғи өрт оқиғалары болып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысында шөп өртеніп жатыр

1 маусым күні Мойынқұм, Талас, Меркі, Шу аудандарының құмды алқаптарынан өрт шықты. Сондай-ақ өрт Байзақ ауданының «Жартыбай», «Қилы» елді мекендерінде де болды. Аталмыш аймақтарда өртеніп жатқан құрғаған шөп. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаметінің 58 қызметкері мен 130-дан астам орман шаруашылығының жұмысшылары, ерікті өрт сөндірушілер, барлығы - 230 адам қатысты.

«Қазір өртенген аймақтың көлемі анықталып жатыр, зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ», деп нақтылады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, құрғаған шөптің өртену жағдайлары бір ай бұрын Рысқұлов ауданының Тайсойған аймағында, Меркі ауданының «Сарқобы» алқабында және Байзақ ауданының Белқұдық-Қараматау аймағында болды.

Өртті сөндіруге Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, «Орман және жанурлар әлемін қорғау» ММ мен аудандық әкімдіктердің 300-ден астам жұмысшылары қатысты. Ерікті өрт сөндірушілер де тартылды.