Жамбыл облысында су басқан аймақты аршумен 40 адам айналысты

Байзақ ауданының Қостөбе ауылындағы Талас өзенінің жағалауларын нығайту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысында су басқан аймақты аршумен 40 адам айналысты

Осыған дейін хабарланғанындай, Қостөбе ауылына жақын маңда өзен жағалауын су шайып кетіп, біраз үйлерді су басуына байланысты Байзақ ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Күні бойы жергілікті атқарушы органдардың (30 адам мен 9 техника) және Байзақ аудандық өрт сөндіру бөлімінің (9 адам мен 1 техника) өзеннің жағалауын нығайтып, су арнасын тазалау жұмыстары жүргізілді. 

«Судың арнасынан асып кетуіне Киров су қоймасынан судың жіберілуі себеп болған. Талас өзенінен ол жерден 86,5 текше метр су жіберіліп, соның салдарынан өзен жағалауының 40 метр жерін су алып кетті. Қостөбе ауылында жеке кәсіпкердің жылыжайын су басып қалды. Сонымен қатар екі көшеде 34 тұрғын үйдің алдына 5-10 см биіктікте су жиналды. 4 адамы мен 1 техникасы бар құтқару қызметінің өкілдері су басқан үйлердің аймақтарын тазарту жұмыстарымен айналысты. 72 текше метр су ағызып жіберілді. Осы уақытта суды сорғызу жұмыстары аяқталды. Осыған қарай үйлерді су басу қауіпі де біршама сейілді»,-деді Облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Тұрғындар арасында зардап шеккен адамдар жоқ, мал да аман. Осы уақытта Байзақ ауданы әкімінің басшылығымен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Аудан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін төтенше жағдай орын алған аймақты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев келіп көріп кетті. Өңір басшысының тапсырмасымен жағалаудан су кету қауіпі төніп тұрған аймақтарды нығайту үшін 15 ауыр техника мен 40 адам жұмылдырылды.

«Бүгінгі таңда Талас өзенінде ешқандай қауіп жоқ. Төтенше жағдайлар қызметінің күшімен қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жағдай бақылауда», -деді облыс әкімі.