Жамбыл облысында су электр станциясы салынып жатыр
Жоба құны 5 миллиард теңге болатын 18 мегаваттық су электр станциясының құрылыс жұмыстары 2019 жылдың маусым айында аяқталып, іске қосылады деп күтілуде.
Алдағы уақытта онда барлығы 4 судан тоқ өндіру станциясы салынбақ. Қазіргі таңда 2 станцияның негізі қаланып, бетондау жұмыстары атқарылуда.
«Құрылыс жұмыстарын 3-қарашада бастағанбыз. Келер жылдың жазында аяқтауды мақсат етіп отырмыз. Күннің суығына қарамастан жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін 3000 мыңдай текше метр топырақты шығарып, арнайы жертөле қазып алдық. Цементтеу жұмыстарын үсікке ұрындырмай, сонда жасап жатырмыз. Барлығы 60 жұмысшы еңбек етуде»,- дейді құрылыс прорабы Қанат Әбдірахманов.
Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға қарай қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының жартысы баламалы жолмен өндірілуі керектігін тапсырған болатын. Бүгінде Президент жүктеген жұмыс жүзеге асыруда Жамбыл облысы республика бойынша көш бастап келеді. Күннен, желден және судан энергия өндіретін 168 мегаваттық 10 станция бар. 2020 жылға дейін облыста болашақ энергия көздерін арттыруға бағытталған тағы 5 нысан салынады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, ертең аймақта «Бурное солар- 2» күн электр станциясы іске қосылады деп күтілуде. Бұл бұған дейін жұмыс істеп тұрған күн электр станциясының екінші кезеңі болып есептеледі. Осы бойынша станцияның қуаты екі есеге артып, 100 Мвт-қа кеңейтіледі. Жобаның құны 25 миллиард теңгені құрайды. Құрылтайшы - «Samruk Kazyna - United Green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Станцияда «jinko Solar» (ҚХР) компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі, Sungrow (ҚХР) өндірісінің 16 инверторлық станциясы орнатылған. Айта кетейік, станцияның құрылыс кезеңінде 300-ге жуық жұмысшы тартылған болатын. Ал пайдалану кезеңінде 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Жоба электр энергиясын өндірудің экологиялық таза әдісін қарастырады. Электр энергиясының жылдық болжамды өндірісі - 78,2 млн кВт*сағ құрайды, бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Елбасының пәрменімен іске қосылатын күн электр станциясы Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының маңы, Батыс Қытай - Батыс Еуропа автомагистралінің бойында орналасқан. Екінші кезеңде салынған нысанның аумағы 74 гектар жерді алып жатыр.
Ғибрат Сембай