Жамбыл облысында таулы аумақтағы 650 гектар жер өртенді
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының таулы жерлерінде орын алған өрт ауыздықталды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Алдын ала болжам бойынша, өрт тұрғындардың от қолданудағы абайсыздығы салдарынан орын алған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға 277 адам мен 42 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, «Қазавиақұтқару» МИ-8 тікұшағы тартылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Ұшу нәтижелері бойынша алдын ала есептеулерге сәйкес өрттің аумағы 650 гектарды құрайды, «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағымен жеке құрамды биік жерге жеткізу бойынша ұшулар жүргізілуде. Қазіргі таңда жоғарыда аталған күштер мен құралдар таулы аумақтағы жану оқиғасының салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда», -делінген ведомство хабарламасында.