Жамбыл облысында төрт түлікті асылдандыру жұмыстары басталады

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылында төрт түлікті асылдандыру шаралары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданына жасаған іссапары барысында мәлімдеді.

Облыс басшысының айтуынша, көкдөнендіктерде мал басынан кемінде 20-30 литр сүт алуға мүмкіндік мол. Себебі, таулы аймақтың шөбі шүйгін, табиғаты мал шаруашылығын дамытуға қолайлы.

Осы мақсатта Көкдөнен ауылдық округінің тұрғындарына келесі жылдың көктемінен бастап «Асылдандыру бағдарламасы» қолжетімді болады. Нәтижесінде ет өнімдері де біршама көбеюі тиіс.

Облыс басшысының тұрғындармен кездесуі барысында сондай-ақ, ағын су тапшылығы сөз болып, бау-бақша өсіру үшін ауылға су қоймасын салуға ұсыныс берілді.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбылда игерілмеген 379 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған болатынбыз.

Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға 510 мың гектарға меморандум жасалып, игерілмеген 379 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Нәтижесінде, жетіспейтін жайылым жерлердің көлемі 683,6 мың гектардан 164 мың гектарға қысқарды.


Соңғы жаңалықтар