Жамбыл облысында тұрғындары түйнеме жұқтырған ауыл карантинге жабылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Талас ауданындағы Тамды ауылы 15 күндік карантинге жабылды. Себебі ауылда тұрғындардан сібір жарасы табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Жалпы, Тамды ауылдық округінде 1 806 бас мүйізді ірі қара, 29 053 бас уақ мал, 887 бас жылқы тіркелген.

Бүгінде елді мекенге төрт түлікті кіргізіп, шығаруға, ет пен сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынған.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, түйнеме табылған ауылдағы үш үйдің 35 адамы тексеруден өткен.

Бүгінде вирус жұқтырған 50, 55 және 59 жастағы үш азамат аудандық ауруханада жатыр.

Айтуынша, олар ауруды сиыр сою кезінде жұқтырған.

«Қазіргі таңда бір науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Үш науқас ем шараларын жалғастырып жатыр. Науқастар малды ветеринарлық рұқсатсыз сойғаны анықталды. Тағы бір жағдайда инфекция көзі әлі де анықталып жатыр. Осы жағдайға байланысты ішкі істер органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова.

Ауру ошағы анықталған үйлерден барлығы 21 сынама алынып, сойылған сиыр еті арнайы өлексе өртейтін темір пеште өртелген.

Мал сойған аула толық залалсыздандырылған.

«Тамды ауылының тұрғындары бұқа сүзіп, жарақат алған сиырды сойып алған. Ауру соның етінен жұғып отыр. Даурығатындай ештеңе жоқ. Біздің өңірде 100 жылдан бері сақталып келе жатқан 189 сібір жарасының ошағы бар. Олардың бәрі бақылауымызда. Жылына 2 рет сынамалар алынып, зертханаға өткізіледі», – деді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев.

Бұған дейін Жамбыл облысының 421 тұрғынын кене шаққанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар