Жамбыл облысында ұлттық спорт түрлері дамытылады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған көкпардан ересектер арасындағы облыстық ашық тунир өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұлттық спортты дамытып, ата-бабамыздың мұра еткен баға жетпес қазынасын дәріптей отырып, салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ үздік спортшылар мен сәйгүлік баптайтын атбегілерді анықтап, облыс құрамасын жасақтау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның жастардың күші мен ептілігін арттырып, батылдық пен ерлік қасиеттерін дамыта түсері анық», - дейді ұйымдастырушылар.
Көкпардан ересектер арасындағы облыстық ашық тунирге Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының бас бапкері Қуанышбек Құрамаев пен әлемдік деңгейдегі сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Мерекелік шараны Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Жарылқасынұлы ашты.
Меркі ауданының Тәтті ауылындағы ат жарысында облыс аудандарынан келген 216 спортшы 18 командаға бірігіп ойнады. Спорттық шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізілді.
Жарыс қорытындысы бойынша Меркі және Байзақ аудандарының командалары алға шықты. Бірінші орын мен басты сыйлық меркілік «Тәтті» командасына бұйырды. «Меркі» командасының спортшылары екінші болса, Байзақ ауданының «Байзақ датқа» командасы үшінші орынға табан тіреді.
Турнирдің үздік ойыншысы ретінде «Тәтті» командасының мүшесі Абылайхан Нышанбек танылды. Барлық жеңімпаз кубоктар, медальдер мен дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап өтерлік жайт, ойынның жеңімпазы атанған "Тәтті аулы" командасының капитаны Асхат Алметов ауыспалы кубокты келесі жылы Шу ауданында өткізу үшін "Сауытбек-Шу" командасының капитаны Қуаныш Тойшыбаевқа табыстады.
Жамбыл өңірінде ұлттық спорт түрлері белсенді дамып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көкпар ойыны ұлттық спорт ойынының осы түрін жастар арасында кеңінен насихаттау үшін өткізілген. Командалар өз шеберліктерін көрсетіп, бұдан да жоғары деңгейлі турнирлерге қатысу мүмкіндігіне ие болуда.