Жамбыл облысында ұша алмай қалған сирек кездесетін бірқазан құтқарылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында полицейлер Қызыл кітапқа енгізілген, сирек кездесетін бірқазан құсын құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жуалы аудандық полиция бөліміне Диқан ауылының шетіндегі жырада үлкен ерекше құстың ұшып кете алмай тұрғандығы жөнінде хабарлама келіп түскен. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған жерге келген полиция қызметкерлері жыра бойынан өте әлсіз және өздігінен ұшып кете алмайтын дәрменсіз бірқазанды көрген. Бірқазан жойылып бара жатқан құс ретінде Қызыл кітапқа енгізілгені белгілі.
«Жуалы ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінен шақырылған мамандардың келуін күткен полиция қызметкерлері сирек кездесетін құсты аңдыған иттерден қорғаған. Құтқарылған құс жуық арада Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберіледі», - делінген хабарламада.