Жамбыл облысында жазғы уақыттағы төтенше жағдайларға әзірлік талқыланды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте жаз кезіндегі тұрғындардың суға шомылу ережелерін сақтауы, өрт қауіпсіздігі техникасы, жаз кезіндегі төтенше жағдайларға әзірлік мәселелері талқыланды. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады .
None
None

Жауын-шашынды ауа райынан кейін облыс аумағында күннің қатты ысып кетуі табиғи өрттердің тұтануы қаупін төндіруде. Жыл басынан бері облыс аумағында 15 гектар алқап өртенуінің үш оқиғасы тіркелді, оның екеуі ерікті өрт сөндіру құрылымдарының күшімен сөндірілді. Сонымен бірге, Қосқұдық орман шаруашылығында 13,5 гектар орман алқабы өртенді, оны кәсіби және ерікті өрт сөндіру жасақтары бірлескен күш-жігермен өшірді.

Облыс ТЖД мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда ауыл округтерінде 171 ерікті өрт сөндіру құрылымдары құрылды, олардың жеке құрамында 2 368 адам қамтылған, табиғи өрттерді сөндіретін қажетті техникалары бар. Орман шаруашылықтарында 38 тонна, ал аудандарда - 194 тонна  автомобиль отынының және жанар-жағармайларының резерві жасалған.

Жамбыл облысы ТЖ бойынша департаменті басшысының орынбасары Талғат Сабыровтың мәліметтері бойынша, биылғы жылы мемлекеттік орман қорын қорғау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін 33,6 млн. теңге бөлінген. Орман және дала өрттері пайда болған жағдайда күштер мен құралдарды тарту жоспарына түзетулер енгізілді, сондай-ақ байланыс, халықты хабардар ету схемалары жасалды. Барлық құтқару бөлімшелері қысқа толқынды  үздіксіз радиобайланыспен қамтамасыз етілген, таулы жерлерде ретранслятор орнатылған.

Облыста ғарыштық мониторинг жүйесі енгізілді, ауданы 3,2 млн. гектар мемлекеттік орман қоры аумағына күніне екі рет ұшақтармен бақылау ұйымдастырылған.

Орман өрттерін дер кезінде анықтау үшін 33 өрт-бақылау мұнаралары орнатылған, мемлекеттік мекемелер аумағына кіретін жерлерде 16 бақылау пункттері қосымша ұйымдастырылған.

Т.Сабыров ауыл шаруашылығы нысандарының айналасын жыртуды 25 мамырға дейін аяқтау жөніндегі облыс әкімдігінің қаулысын аудандық әкімдіктер дер кезінде орындамай отырғанын атап өтті. Орман айналасын және басқа да нысандар маңын жырту барлық аудандарда бірдей жүргізіліп отырған жоқ, осыған орай ТЖД бұл шараларды жүргзізу жөнінде тиісті ескерту хат жолдады. Тексерілген орман шаруашылықтарында өрт қауіпсіздігі  ережелерінің нормалары бұзылғаны үшін 12 лауазымды тұлғаға 382,7 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Судағы қатерлі оқиғалардың алдын алу қажеттігін талқылай келіп, өңір басшысы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап көрсетті. «Талас ауданында алты жасар бала суға батып бара жатқан кезде оған 12 жасар апасы көмектесуге ұмтылды. Екеуі де қазаға ұшырады. Отбасы бір сәтті екі бірдей баласынан айырылды. Бұл үлкен қайғы, - деді К.Көкірекбаев. - мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Халық арасында түсінік жмыстарын күшейту керек, БАҚ әркімге қауіпсіздік ережелерін еске алып отыруы қажет»

Кеңес қорытындысымен облыс әкімі облыстық құрылымдарға қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі күш-жігерді үйлестіріп отыруға тапсырма берді. 

Соңғы жаңалықтар