Жамбыл облысында жемқорлықпен байланысты 300-ден астам қылмыс анықталды
«Жемқорлықпен күресе отырып, біз тек осы дертке бой алдырғандарды жазалап қана қоймай, азаматтардың сана-сезімдерін өзгертіп, жемқорлыққа төзбейтін орта қалыптастыруымыз керек»,-деді облыстық мемлеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жетекшісі Мақсұт Нәлібаев.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Рахметілдә Рахманбердиев жемқорлықтың деңгейін барынша төмендетуге бағытталған Елбасының басшылығы аясында жүргізіліп жатқан реформаларды сәтімен жүзеге асырудың маңызды екендігін айтты.
«Біз тұрғындармен, үкіметтік емес ұйым және қоғамдық және діни бірлестік өкілдерінің қатысуымен арнайы кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары сияқты түрлі шараларды ұйымдастыра отырып, азаматтардың арасында жемқорлыққа төзбеушілік орта қалыптастыруға күш салып отырмыз»,-деді ол.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы Шәбден Тілемұрат жемқорлық әрекеттерін көре тұра, ол туралы «жақ ашпау» әрекеттеріне қарсы тұру қажеттігін айтты.
2016 жылы жемқорлықпен күрес бағытында атқарылған жұмыстар туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросы облыстық департаментінің жетекшісі Мұрат Қарымсақов баяндады. Ол баяндамасында облыстағы үлкен лауазымда отырған азаматтар тарапынан жол берілген жемқорлық әрекеттері туралы нақты мысалдармен сөйледі.
Жиында сонымен қатар 2016 жылдың 11 айында Жамбыл облысы бойынша 300-ден астам жемқорлық әрекеттері орын алғаны айтылды. Қылмыстық жемқорлық әрекеттері бойынша келтірілген шығын 2 млрд теңгеге жуықтады. Мемлекет иелігіне келтірілген шығын сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің арқасында 100 пайыз кері қайтарылған.
Конференция соңында жемқорлықпен күреске бағытталған тақырыптар бойынша үздік материалдар жазған журналистер дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталды.
Осындай дипломды сонымен қатар «ҚазАқпарат» ХАА-нің Жамбыл облысындағы тілшісі Галина Скрипник те алды.