Жамбыл облысындағы қант зауыты отқа оранды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Меркі қант зауытының цехында болған өртті сөндіруге 30-дан астам адам жұмылдырылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысындағы қант зауыты отқа оранды

Мекеменің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін түнде Меркі ауданы Ойтал ауылындағы қант зауытында өрт болды. Тілсіз жау ғимараттың екінші қабатындағы шырыннан тазарту цехында тұтанған. Салдарынан екінші қабат пен шатыр жанып кетті. Өрт аумағы 250 шаршы метрді құрады.

Түнгі екі жарымда сөндірілген өртті ауыздықтауға Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ 25 қызметкері, Меркі аудандық ТЖБ 2 қызметкері, Меркі аудандық ІІБ екі адам,  Меркі ауданы әкімдігінің төрт маманы және 9 дана техника жұмылдырылды.  

Меркі қант зауыты «Орталықазиялық қант корпорациясы» ЖШС филиалы. Қазіргі уақытта зауытта қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.