Жамбыл облысындағы құрғақшылық: Қазгидромет болжамы неге расталмады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Жамбыл облысындағы құрғақшылыққа қатысты Қазгидромед болжамының не себепті дәл келмегенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауа райына қатысты Қазгидромет болжамының сапасы гидрологиялық желінің кеңдігіне байланысты. Біз бұл мәселені көтердік. Гидрологиялық болжам жасау үшін көрші елдердегі Қырғызгидромет пен Өзгидрометтен мәліметтер алынады. Жалпы, Шу-Талас бассейні бойынша болжам негізінен Қырғызгидрометтің мәліметтеріне негізделген. Осы орайда Қазгидрометтің гидрологиялық бекеттер желісін кеңейту қажет мәселесі туындайды. Өйткені, гидрологиялық желімен кеңінен қамтылса, ауа райы болжамы дәлірек болады. Сонымен қатар бізге қосымша қар көлемін өлшейтін маршруттарды ашу қажет. Бұл мәселені де назарға алып, су кодексіне енгіздік», - деді Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің айтуынша, ауа райы болжамы циклонға байланысты кейде расталмауы мүмкін.
«Ауа райы болжамдарының кейде расталмауы дамыған елдерде де бар құбылыс. Бізге гидрологиялық желі аясын кеңейту керек. Бұл біздің жоспарымызда бар», - дейді З. Сүлейменова.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында құрғақшылықтан суармалы жерлерде су тапшылығы туындаған еді. Аймақтағы климаттың өзгеруі нәтижесінде Шу және Талас өзендерінің арналарының жеткіліксіз толуына байланысты су тапшылығы орын алған.