Жамбыл облысындағы полигонда жаңа қару сынақтан өтті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Жамбыл облысы аумағындағы «Айша бибі» әскери полигонында Қазақстан армиясына жаңа енгізілген 120 мм «Айбат» минометі мен 122 мм «Семсер» гаубицасын сынақ түріндегі әскери жауынгерлік атыстар жасалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған артиллериялық қару түрлерін енгізу ҚР Қарулы күштерінің Ракета әскерлері мен артиллериясын заман талабына сәйкес жарақтандыру, Елбасының әлемдік стандарттарға сай шағын да, ұтқыр қимылдайтын әскер құру тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Қазақстан армиясында «Айбат» минометінің 3 батареясы, «Семсер» гаубицасының 1 дивизионы және тағы бір жаңа қару түрі «Найза» зымырандық жүйесінің 1 дивизионы бар. Бұл техникалардың барлығы компьютерлендіріліп, навигациялық, спутниктік құралдармен, барлаудың жаңа үлгідегі түрлерімен жабдықталған. «Айбат», «Семсер» қарулары кеңестік кезден келе жатқан гаубица мен минометтердің негізінде жасалған. Бұрын көлікке тіркеліп алып жүретін қару енді израильдік компанияның жетілдіруімен КамАЗ, МТЛБ әскери көліктеріне орналастырылып, компьютерлендірілген, заманауи қаруға айналды. Бұл әскерге алыс жерге жылдам жетуге, жеке құрам санын ықшамдауға, ұрыс тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді», - дейді ҚР ҚМ Штаб бастықтары комитеті бастығының орынбасары, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев. Оның айтуынша, израильдік өндіруші зауыттың өкілдері қазақстандық әскерилерді аталған қару түрлерін меңгеруге үйретіп, отандық мамандар арнайы дайындықтан өткен. «Айша бибі» әскери полигонында болған жауынгерлік атыстар арнайы дайындықтан өткен осы мамандардың қатысуымен жүзеге асырылды.