Жамбыл облысындағы су қоймаларының жағдайы бақылауда
«Облыс аумағында Шу, Талас және Аса өзендерінің арнасынан тасуы салдарынан біраз жерді су шаюы мүмкін. Жуалы, Меркі, Рысқұлов, Қордай және Талас аудандарынан өтетін өзендерде лай көшкіні жүру қаупі де жоқ емес. Егер ауа температурасы бірден көтерілетін болса, су тасқыны облыстағы барлық ауданда байқалуы мүмкін», - дейді ТЖД төтенше жағдайларды ескерту бөлімінің бастығы Омар Тәкеев.
Оның айтуынша, су тасқындарының алдын алу және оның салдарын барынша азайту бойынша жылдық жоспар жасалған.
«Осы мақсатта 95 арна, 155 арық желісі тазартылды. Теміржолдар мен автомобиль жолдарында 100-ге жуық көпір және 500-ден астам су өткізу құбырлары тазаланды», - дейді ол.
Облыстық ТЖД «Қазгидромет» РМК және «Қазселденқорғау» ММ филиалдарымен бірлесе отырып, таулы аймақтар мен тау баурайларындағы қардың еруін, оның әкеп соқтыруы мүмкін салдарын бағалап отыр.
«Өңірдегі қардың қалыңдығы орташа 20-25 см. Дегенмен ауа температурасының кенет көтерілуі су қоймаларының бірден толуына себеп болады. Көктемдегі ең қауіпті аймақтардың бірі ретінде Шу өзенін айтуға болады. Өзеннің кейбір жерлерінде қардың қалыңдығы 65 сантиметрге дейін жетеді», - дейді О. Тәкеев.
Бұдан тыс, облыстағы су қоймалары мен гидротораптар үзбей бақыланып отыр. Су тасқыны бола қалған жағдайда тұрғындарды уақытша көшіре тұру үшін 40-тан астам қабылдау пункті (білім беру және мәдениет нысандары), 30 шатыр, екі мыңнан астам кереует әзірленді. Облыстың азаматтық қорғаныс аумақтық күштері құрамында жеке құрамның екі мыңнан астам қызметкері, 600 техника бар.