Жамбыл облысындағы туристік нысан - Ақыртасқа бару ақылы болады
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы танымал тарихи-табиғи ескерткіш, Тараз қаласынан 40 шақырым жерде, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан тылсымға толы Ақыртас ежелгі қалашығы ақылы жұмыс режиміне ауысты.
«2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрігінің бұйрығымен ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» 15 бабы, 13 бөліміне сәйкес, республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың ақылы қызметін өзекті ету үшін, ақылы қызмет көрсету түрлерінің ережелері бекітілді, - деді мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақынов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатта. - Енді біздің ұйым мемлекеттік қазынашылық кәсіпорын (МҚК) мәртбесін иеленген соң, өзін-өзі қаржыландырып, өз бетімен қаражат табуы тиіс. Ол үшін Жамбыл облысындағы бірнеше туристік нысандарға баруды ақылы ету жоспарланды. Олар Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртас қалашығы, Жамбыл ауданындағы Айша бибі кесенелері және Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі».
Алайда, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов қасиетті орындарға зиярат етушілердің мүдделері ескерілгенін айтты.
«Тек қана Ақыртасқа рұқсат етілді, сол нысан ғана ақылы, қалған нысандарға тегін баруға болады», - деп мәлім етті Е.Мәнжуов.
Тәкен Молдақыновтың айтуынша, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайы жеткілікті түрде қаржыландырылмайды. «Облысымыздағы археологиялық жұмыстар мен нысандарды жөндеуге бөлінетін қаражат қазба жұмыстарымен айналысатын ұйымдарға жіберіледі. Бұл қаржыны біз көрмейміз де. Экскурсия жетекшілері, жүргізушілер, техникалық жұмысшылардан құралған кішігірім штатымызда 15 адам бар. Жамбыл облысының көптеген тарихи ескерткіштері біздің бақылауымызда. Бұл жағдайда бізге ескерткіштері сақтап қалу емес, тұрғын үй-коммуналды қызметтер ақысы мен қызметкерлер еңбекақысын қалай төлейміз деп бас қатыруға тура келеді», - деді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры.
Ақыртас - Жамбыл облысындағы адам көп келетін туристік нысандардың бірі. Үлкен қызыл тастардан салынған бұл бірегей тарихи нысан өзінің тылсым құпиясымен қазақстандық және шетелдік ғалымдардың қызығушылығын туғызуда. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының қамқорлығымен жолдан жырақ, сусыз, құмды аумақта орналасқан бұл тарихи кешен ретке келтірілді. Мұнда археологтарға арналған конференц-залы, кішігірім қонақ үйі және жұмыс кабинеттері бар ғылыми ақпараттық-сараптамалық орталық ғимараты салынды.
Ақыртас туралы алғаш рет 1222 жылы Қытайдан Сайрам арқылы Самарқандқа, Шыңғысхан қосынына барған даосс тахуасы Чан Чуннің күнделігінде айтылады.